Алда келе жатқан ҚР Конституция күніне орай №4 қалалық клиникалық ауруханада ашық есік күні өтті. Бұл шара Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бағдарламасына сәйкес өткізілді.
Бұл жолғы ашық есік күніне 87 адам келді. Олардың дені қала тұрғындары мен мүгедек жандар. Іс-шара барысында аурухананың жетекші мамандары мен әртүрлі саладағы жоғары білікті дәрігерлер оларға тегін диагностикалық көмек көрсетіп, ақыл-кеңестерін берді. “Подранки-шарасыздар» мүгедек жандардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Тобатаеваның айтуынша, мұндай ашық есік күндері тұрғындарға, әсіресе мүгедек жандарға аса қажет дейді.
“№4 қалалық клиникалық аурухананың ашық есік күнін өткізіп, біздерді шақырғанына ризашылығымызды білдіреміз. Расында, мүгедек жандар үшін бұл өте қажетті шара. Өйткені олар үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс, және бүгін бірқатар дәрігерлердің қабылдауында болып, қажетті ақыл-кеңестер алды. Алдағы уақытта да, аурухана басшылығы біздерді ұмытпай, шақырып тұрса деген тілегіміз бар»,- деді Ғалия Ғаббасқызы.
Айта кету керек, ашық есік күнінде травмотолог, уролог, хирург, акушерлік пен гинекология кафедрасының мамандары, невропотолог, кардиолог, эндокринолог және аурухананың жоғары санатты дәрігерлері қызмет көрсетті.