“Астана күні” мерекесі қарсаңында Алматы қаласындағы №4-ші қалалық клиникалық ауруханасының ұйымдастыруында “Дені саудың – жаны сау” атты мини-футболдан турнир өтті.
Оған медицина қызметкерлері, шоу бизнес өкілдері мен журналистер, спортшылардан жасақталған барлығы 4 команда қатысты. Аса тартысты өткен кездесулерде спортшылардан құралған команда турнирдің чемпионы атанды. Олар финалда медицина қызметкерлерін 2:1 есебімен жеңді. Үшінші орынға болған кездесуде 1:0 есебімен әншілер құрамасы журналистерді жеңді.
Турнирдің үздік ойыншылары болып киноактер Марсельен Камате және журналист Дулат Кәрібаев танылды. Сондай-ақ, осы шара барысында №4-ші қалалық клиникалық ауруханасының дамуына атсалысып, БАҚ-та кеңінен насихаттағаны үшін “Алматы ақшамы” газетінің тілшісі Нұржамал Байсақал, Tengrinews.kz тілшісі Айнаш Өндіріс журналист Нұрсейіт Жылқышыбай мен Алмат Әбдіраман арнайы төсбелгімен марапатталды.
“Астана күніне” орай БАҚ арасында өткізілген байқаудың жеңімпаздары анықталып, оларға сый-құрмет көрсетілді. Жадыра Аққайыр (“Айқын” газеті) “баспасөздегі үздік мақала” номинациясының жеңімпазы атанса, Өмірбек Сансызбаев ( “Массагет порталы”) “электронды басылымдағы үздік материал” номинациясында топ жарды. Қазақстан ұлттық телеарнасы тілшісі Аманкелді Сейітхан “үздік телевизиялық сюжет” номинациясында дара шықты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы сертификаттар табысталды.